Сарыағашта бес жасар қыздың өліміне күдікті екі айға қамалды

Бүлдіршіннің мәйіті үй шатырынан табылған


17/07/2023
12:17 16501 0

Фото: Азаттық радиосы

 

Азаттық радиосының мәліметінше, Түркістан қалалық мамандандырылған тергеу соты Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында бес жасар қыздың өліміне күдікті деп танылған 48 жастағы ер адамды екі айға қамауға санкция берген. Оған ҚК «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптары бойынша айып тағылған. 

 

Облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, күдікті мас күйінде ойнап жүрген бүлдіршінде ән қойып беремін деп өз үйінің ауласына кіргізген. Сол жерде күш қолданып, сексуалдық зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасаған. 

 

13 шілдеде БАҚ-та Сарыағаш ауданында зорлық-зомбылық белгілері бар бес жасар қыздың денесі жергілікті үйдің шатырынан табылғаны жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен ауыл халқы қылмыс жасады деген күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, оны полицияның алып кеткені бейнеленген видеолар тараған. 

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот "адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін" күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген.

14 шілде күні кешке Бас прокуратура аталған үкімге жазаны қатаңдату және бас бостандығынан айыру тағайындау туралы кассациялық наразылық келтіргенін мәлімдеді. Пробация қызметі қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.

 

Поделиться

Нет комментариев.

17/07/2023 12:17
16501 0

Уведомление